Бурабайда бүркітшілердің ІІ Халықаралық фестивалі аяқталды
Қатарынан үш күнге созылған мәртебелі шараның басы «Құсбегілік өнердегі ұрпақтар сабақтастығы» атты конференциямен басталды.
Бұған алыс-жақын мемлекеттер Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Араб Әмірлігі және Моңғолия тағы басқа елдерде құсбегілік өнерді дамытумен айналысып жүрген қоғамдық ұйым өкілдері қатысты, деп хабарлайды ulttyqsport.kz
Конференцияны ашып сөз сөйлеген ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мырза, аталмыш шара Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының саятсатын қолдау мақсатында өтіп отырғанын ерекшелеп айтты. Сондай-ақ, бұл шаруаның атқарылуына «Нұр Отан» партиясының қолдауы мен «Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілі аса зор дегенге тоқталды.
Екінші бір атап өтерлік оқиға: жоғардағы Фестиваль аясында ҚР білім беру ісінің үздігі, самбо күресінен КСРО спорт шебері, әрі Көкше өңірінде ұлттық спорттың дамуына бір кісідей еңбек сіңірген тұлға, тәуелсіздік жылдары еліміз көлемінде тұңғыш ұйымдастырылған «Бүркітші» федерациясының президенті Қанат Ахметовтің 70 жылдық мерей тойы орайласуына байланысты өткізілген барлық спорттық шаралар ұлттық спорт жанашырын ұлықтауға арналды.
Конференциядан кейін жалғасын тапқан бүркітшілер сайысына 20-ға тарта құсбегілер бақ сынады. Әуелі, құсбегілік жарағын жасандырып көрсеткен бүркітшілер төрешілерін талғамынан өтсе, келесі кезекте олар құсын еркін ұшырып қолға шақырды. Одан кейін шырғаға салды, соңында қоян қақтырды.
Жоғардағы барлық сыннан сүрінбей өткен астаналық құсбегі Серікбек Күнтуғанұлы (атақты бүркітші Күнтуған Тоқтыбайдың баласы) топ жарса, екінші-үшінші орынға тараздық Әкімбек Жалғас пен ақмолалық Олжас Бекқожиндер ие болды.