«Еуразия Барысы-2015» жарысына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды
9 қазанда Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында ІІІ халықаралық «Еуразия Барысы» турнирі өтеді. Оған 8 мемлекеттен 56 спортшы қатысады, деп күтілуде. Белдесулер 55, 66, 74, 82, 90, - 100, +100 келі салмақ дәрежелері бойынша өтеді.
Бұл додаға Қазақстан атынан қатысатын палуандар:
55 келіге дейін: Айдос Сейпілұлы, (Марат Нигматуллаев, қосалқы құрам);
66 келіге дейін: Бағдаулет Сәбитұлы, (Ғалымжан Абдрахманов, қосалқы құрам);
74 келіге дейін: Ринат Махмутов (Айдос Ғалымов, қосалқы құрам);
82 келіге дейін: Мақсат Мәзібаев (Сұңгат Закарияев, қосалқы құрам);
90 келіге дейін: Бекзат Ахметбеков, (Асыл Бәрменов, қосалқы құрам);
100 келіге дейін: Мұхит Тұрсынов, (Нұрым Сәлімгереев, қосалқы құрам);
100 келіден жоғары: Айбек Нұғымаров (Бейбіт Ыстыбаев қосалқы құрам).
Үшінші рет өткелі отырған қазақ күресінің бәсекесі Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орайластырылған. Бұл жолғы додада Грузия, Қырғыз Республикасы, Польша, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Моңғолия және Қазақстан құрамаларының палуандары командалық құрамда белдеседі. Турнирдің жалпы жүлде қоры 18 800 000 теңгені құрайды.
Еске сала кетейік, «Еуразия Барысы-2015» жарысын «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы 9 қазан күні сағат 11:50-де тікелей эфирде көрсетеді.