«Қазақстан Барысына» іріктелгендердің басым бөлігі ауылдан шыққандар - А. Шораев
«Қазақстан Барысына» іріктелгендердің басым бөлігі ауылдан шыққандар. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Барысы-2016» республикалық турнирінің қорытындысына арналған брифингте «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев осылай мәлімдеді.
«Қазақ күресі бокс, көркем гимнастика секілді субъективті спорт түріне жатады. Яғни, төрешілер факторы мұнда да бар. Сондықтан да, біз жыл сайын осы адами факторды аластатуға күш салып келеміз. Айта кетерлігі, биылғы жылы «Қазақстан барысы» турнирі бойынша төрешілерге ешқандай да шағым түскен жоқ», - деді А. Шораев.
Биылғы турнирдің бас төрешісі білікті спортшы Шалқар Жоламанов болған. Сөз арасында А. Шораев қазылық жасаған төрешілердің барлығына ризашылығын жеткізді.
«Маған ұнайтын, менің көңілімнен шығатын күресшілерге келсек, олар бар әрине. Олар туралы көп айтқым да келмейді. Дегенмен, қазақ күресіне қызығушылығы жоғары азаматтардың қатары жыл сайын артып келе жатыр. Мысалы, биыл Дәулетхан Жақыповтың, Еламан Ерғалиевтың күресі қатты ұнады. Біз бір кездері қазақ күресін ауыл жастары үшін әлеуметтік лифтке айналдыру туралы өзімізге міндет қойып едік. Құдайға шүкір, осы мақсатымыз орындалып келеді. Айталық, соңғы екі-үш жылда турнирге іріктеліп жатқан балуандарымыздың жартысынан астамы ауылдан шыққан, танылмай жүрген жас азаматтардан құралып отыр. Олардың өзі турнирге алғаш рет қатысса да, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Осы тұрғыдан алғанда алдағы уақытта Бейбіт секілді тәжірибелі жігіттерге белдесу қиындай түседі деп ойлаймын», - деді А. Шораев.
Еске салсақ, жақында Астанада өткен алтыншы «Қазақстан Барысы-2016» республикалық турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев атанған болатын. Бейбіт Ыстыбаев осыған дейін 2012 және 2015 жылы «Қазақстан Барысы» атағына қол жеткізген еді. Турнир жеңімпазы Б. Ыстыбаевқа 25 000 000 теңге, алтын тайтұяқ және Астанадан бір бөлмелі пәтер берілді. Екінші орын алған Жұманазар Ерсұлтановқа 5 500 000 теңге, үшінші орын алған Айбол Айтбекке 1 800 000 теңге көлемінде сыйлық табысталды.