14 қазан. Алматы. Бокс. Әлем чемпионаты
Ашылу салтанаты қонақтарды 80 жылдық тарихы бар қазақ боксын таныстырумен басталды.
Театрландырылған қойылым мен әсем әуеннен кейін қатысушылардың шеруі өтті.
Ашылу рәсімінде Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов сөз сөйледі.
«Бокстан Әлем чемпионаты елімізде тұңғыш рет өткізілуде. Бұл абырой мен үлкен жауапкершілік. Жарыс жоғары деңгейде өтетініне сенемін. Қатысушылар мен ұйымдастырушыларға сәттілік тілеймін», - деді қала басшысы.
Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) Чинг-Куо Ву ұйымдастырушылар, қатысушылар және жиналған жанкүйерлерге алғысын білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан Бокс федерациясы мен оның жетекшісі Тимур Құлыбаевқа жарысты ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін ризашылығын жеткізді. Қазақ боксының аңызы Серік Қонақбаев қазақ жерінде дүбірлі доданы өткізу – қазақ еліне артылған сенімнің ең жоғары бағасы дейді. Ол қасиетті қазақ жерінде бокстың жаңа жұлдыздары жанатындығына сенеді.
Қазақстан құрамасының капитаны Данияр Елеусінов спортшылардың атынан жарыстың адал өтуіне ант қабылдағаннан кейін, Әнұран ойналып, 14 күнге созылатын Әлем чемпионаты ашық деп жарияланды.
Сонымен қатар, бүгін 52 және 91 келі салмақта іріктеу кезеңінің алғашқы айналымының жекпе-жектері өтті. 52 келі салмақта ел намысын қорғайтын Ілияс Сүлейменовтің қарсыласы анықталды. Ол австралиялық – Эндрю Молони. Жекпе-жек 18 қазанда өтеді. Бұл күні 91 келідегі Антон Пинчук Венгрия боксшысы Имре Сцелломен жұдырықтасады.