Ермахан Ыбрайымов: Меджидов Дычконы шүйдеден ұрып құлатты
Алматыда жалауын желбіреткен бокстан Әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар тарихи жетістікке қол жеткізді. Тәуелсіздік жылдарынан бастап Қазақстан құрамасы – Әлем чемпионатында 6 алтын алса, қазақ топырағында өткен Әлем чемпионатында 4 алтынға ие болды. Командалық есепте Қазақстан Куба мен Ресей боксшыларының алдын орады.
Әлем чемпионатында 20 жастағы қазақ баласы Жәнібек Әлімханұлы Әлем чемпионы атанды. Ол ұлттық құрама сапына күні кеше енген еді. «Жәнібек Әлімханұлы – дарынды боксшы. Былтыр Астанада өткен Қазақстан чемпионатында 19 жастағы бала жарқ ете қалды. Сол кезде бұл баланы есте сақтаңдар деп айттым. Міне, бір жылдан кейін Әлем чемпионы атанды», дейді Сейілхан Саттарханов (Олимпиада чемпионы, даңқты боксшы марқұм Бекзат Саттархановтың әкесі).
Ал Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов күміс жүлдені де құрметтеу керек екенін айтады. «Өзге елдер қола жүлде алып, елдеріне мәз болып қайтты. Әділбек Ниязымбетовтің тактикасы арақашықтықты сақтау. Ол көп қорғана отырып, аз соққы жасады. Сол себептен ұтылды»,- дейді Олимпиада чемпионы.
Сонымен қатар, Ермахан Ыбрайымов Иван Дычконың әлі талай табыстарға жететініне сенеді. «Иван Дычко аса ауыр салмақта табысты өнер көрсетіп келе жатқан боксшы. Бұл салмақта бір соққымен жекпе-жек тағдырын шешуге болады. Әзірбайжандық боксшы мүмкіндікті қолданып, жақтан, беттен емес, шүйдеден ұрды. Төрешілер де, бапкерлер де бір құлағаннан кейін, екінші мүмкіндік бермеу керек еді. Иван Дычко бір соққыдан сынып қалатын боксшы емес, ол әрі қарай күш-жігерін жинап рингке қайта шығады»,- деді ол.