Сочи Олимпиадасына латыштар 58 спортшысын жібермек
Латвия 9 түрлі ойындарға: биатлон, бобслей, тау шаңғысы және конькимен сырғанау, скелетон, хоккей, шаңғы және шана спорты бойынша қатысады. Ел атынан Сочидегі ХХІІ қысқы Олимпиадаға барлығы 58 спортшы барады. Ол Балтық елдерінің ішіндегі ең үлкен команда болмақ, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Елдің Ұлттық Олимпиада комитеті «латвиялық спортшылар бұл Ойындарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, бірнеше медальді иеленуден үміттенеді» деген сенімде.
Латвия құрама командасының алғашқы делегациясы курортты қалаға 24 қаңтар күні аттанады. Бұл ойынның ашылу салтанатына өз спортшыларына қолдау көрсету мақсатында республика президенті де келмек. Олимпиадада зор жетістіктерге қол жеткізген спортшылар ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Мәселен, алтын медальді иеленген спортшыға 140 мың евро көлемінде сыйақы берілмек.
Фото: olimpiade.lv