Қазақстандық биатлоншылар Азияда қарсылас таппады
Алматыда өтіп жатқан биатлоннан Азия чемпионатында әйелдер арасынан 10 шақырымға ілесе жарысудан қазақстандық Галина Вишневская алтын медальді жеңіп алды. Күміс пен қола жүлде де қазақстандық спортшыларға бұйырды. Елена Хрусталева мәре сызығын екінші, Ольга Полторанина үшінші болып кесті.
Ал ерлер арасынан 12,5 шақырымға созылған ілесе жарысудан барлық жүлдені қазақстандық спортшылар бөлісіп алды. Максим Браун алтын, Вадим Иванов күміс, Арман Сұлтанов қола жүлдені мойындарына тақты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жекелей спринтте әйелдерден Елена Хрусталева, ерлерден Сергей Наумик Азия чемпионы атанған еді.
Азия чемпионаты - биатлоншыларымыз үшін Сочи Олимпиадасы алдындағы соңғы дайындық. Ұлттық құрамаға 10 спортшы ілінді. Олар - Диас Кенешев, Ян Савицкий, Антон Пантов, Александр Трифонов, Сергей Наумик, Елена Хрусталева, Галина Вишневская, Дарья Усанова, Марина Лебедева және Алина Райкова.