Денис Тен мәнерлеп сырғанаушылардың ондығына енді
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Сочи Олимпиадасындағы мәнерлеп сырғанаушылардың ондығына кірді. Бұл рейтингті беделді «YahooSports» порталы жүргізді. Америкалық басылым қысқы ойындар кезінде тізімде көрсетілген 10 мәнерлеп сырғанаушыға жанкүйерлер қолдау көрсетуі қажет дейді. Ондыққа әлемнің ең мықты деген саңлақтары енді.
Рейтингті канадалық Патрик Чан бастап тұр. Ол Әлем чемпионатында қазақстандық спортшыны басып озып, алтын медаль таққан еді. Оны жарыстың басты фавориті деп санайды. Канадалық спортшыдан кейінгі орындарда жапондық және испандық мәнерлеп сырғанаушылар бар. Ресейлік Евгений Плющенко де мықтылар қатарында.
Қазақстандық Денис Тен рейтингте 7-ші сатыда тұр. Оны жақында аяқталған Әлем чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алғанын және қазіргі сәтте нағыз бабында екенін атап көрсеткен. Сонымен қатар ол ерлер арасында ең қиын элемент – бильман әдісін орындайды.