«KAZsport» телеарнасы Сочиден 24 сағат хабар таратады
«Біздің телеарна дүбірлі доданы көрермендерге толық нұсқада көрсету құқығына ие болды. Жалпы, Олимпиада ойындарына тұңғыш рет үш түсірілім тобы аттанып барады. Алматы және Астана қалаларында алты комментаторлар тобы жұмыс істейді. Біз Олимпиада ойындарын 6 ақпаннан бастап көрсете бастаймыз»,-дейді Диас Ахметшәріп.
«7 ақпаннан 23-не дейін «KAZsport» телеарнасы Олимпиада телеарнасы болып өзгермек. Өйткені, біз өзіміздің ішкі жобаларымызды тоқтатамыз. Уақыт тапшы, сол себепті кей күндері тәулігіне 24 сағат хабар тарататын боламыз».
«Жарыстардың дені тікелей эфирде көрсетіледі. Кейбірін жазып алып көрсететін боламыз. Себебі, Олимпиада 15 спорт түрінен болғандықтан, кейбір жарыстардың өту уақыты қатар келіп қалады, сондықтан оларды жазып алып, тікелей эфир соңынан көрсетпекпіз».
«Қайталап көру мүмкіндігін де ойластырдық. Біздің жоспарымыз бойынша, Олимпиада біткен соң, наурыз айынан бастап, барлық жарысты қайтадан көрсететін боламыз».
«KAZsport» телеарнасынан 5 тілші, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі бірігіп, 40 тілшіні апара жатыр. Бірақ, түсіру құқығы тек - «KAZsport» телеарнасында ғана бар. Яғни, барлық спорт нысандарына біздің тілшілер ғана кіре алады», - дейді телеарна директоры.