Олимпиада жүлдегері әріптестеріне сенеді
Иван Гаранин - Қостанай облысындағы Қысқы Олимпиада жүлдесін алған жалғыз спортшы. Ол 1976 жылы Инсбурк қаласында - шаңғы жарысы бойынша қола медальді иеленген.
Ардагер спортшы өзінің жеңісті жолын жас буын өкілдері жалғастырады деп сенеді. Қазақстан Туының астында өнер көрсететін барша отандастарына сәттілік тілейді.
Жасы 70-ке таяса да, Иван Гараниннің бойы сергек, қимылы ширақ. Аптаның алты күнін жаттығумен өткізеді. Спорттық сайыстардан да шет қалған жоқ. Кеше ғана Австиряда өткен әуесқойлар арасындағы жарыстан оралды. Сонау 1976-шы жылғы жарқын жеңісінен соң оның жолын қуып, шаңғы таяғын ұстағандар аз емес.
Иван Гаранин, Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері:
Қазақстанның алғаш Қысқы Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов өзінің спортқа келуіне менің жеңісім әсер еткенін айтады. Онымен қазір де араласып тұрамын. Өзімнің де шәкірттерім баршылық.
50 жыл ғұмырын спортқа арнаған ардагер, 1981 жылдан бері шәкірт баптап келеді. Солардың бірі Светлана Парисеева - талай халықаралық жарыста олжа салған саңлақ. Бүгінде ол үлкен спорттан кеткенімен, ұстазымен бірге жаттығуын жалғастырып келеді.
Светлана Парисеева, Иван Гараниннің шәкірті, спорт шебері:
8-10 сыныптарда оқып жүргенімде Иван Иванович менің жаттықтырушым болды. Көптеген сайыстарға алып барды. Бұл кісіден өз басым көп нәрсе үйрендім.
Жеңісті жолы талайға үлгі болған аға спортшы Қысқы Олимпиадада өнер көрсететін отандастарына сәттілік тілейді.
Иван Гаранин, Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері:
Конькиші жерлесіміз Денис Кузин 1000 метрлік қашықтықта үздік шығады деп сенемін. Еліміздің көк Туын көтеріп барған спортшылардың барлығы биіктен көрінсін, абыроймен, тек жеңіспен оралсын.
Спортты өміріне серік еткен азамат тек жанкүйер ғана емес. Әлі де бабында, үздіктердің сапында. Өзінің іс-әрекетімен жастардың жігерін жанып, жеңісті жолдарға бастаушы болып жүр.