Назарбаев Ресейге сәттілік тіледі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Сочи Олимпиадасын сәтті өткізуіне тілектестігін білдірді. «Біз әлем көз тіккен маңызды оқиға - Сочидегі XXII Қысқы Олимпиада ойындары қарсаңында кездесіп отырмыз. Бұл ТМД елдері арасында тұңғыш болғалы тұрған жарыс. Сондықтан, ойынды ұйымдастырушы ел біздің стратегиялық серіктесіміз – Ресей Федерациясына сәттілік тілеймін»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада дипломатиялық корпуспен кездесуінде.
«Сіздердің құрама командаларыңызға жеңіс тілей отырып, 2022 жылы XXIV Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқығын иелену мәселесі бойынша сіздің ел Алматыны қолдайды деген сенімдеміз»,-деді Елбасы.
Еске сала кетейік, Сочи Олимпиадасы 7 ақпан күні басталады. Әлемдік доданың ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде.