Шетелдік 17 бапкер ұлттық құраманы Сочи Олимпиадасына дайындайды
«Спорттың 8 түрі бойынша ұлттық құраманы дайындау үшін 17 шетелдік бапкермен келісімшарт жасалды. Соның ішінде жоғары білікті шаңғы баптаушылар мен спорттық медицина мамандары да бар», - деді Т.Есентаев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда агенттік үшін ең басты шара Ұлттық құраманы Сочи Олимпиадасына жақсылап баптап, спорттық формаларын өз қалпында сақтап, жалпы командалық есепте үздіктер қатарынан көріну жолында жұмыстар атқару.
Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ойындарына 80 елден 5 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Спорттың 15 түрі бойынша 98 медаль сарапқа салынбақ.
«Сочи 2014 қысқы Олимпиада ойындарында спортшыларымыздың дайындық сапасын бақылау мақсатында Республикалық жедел штабы құрылды.
Агенттік деңгейінде ҚР ҰОК, федерациялар мен өңірлерінің қатысуымен кесте бойынша құрама команданың дайындығы мәселелері талқыланады», - деді агенттік төрағасы.
Есентаевтың айтуынша, Олимпиада ойындарына лицензия алған спортшылардың көпшілігі Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының спортшылары. Ал Ақтөбе мен Қарағанды облысынан спортшылар бірен-саран ғана.
«Жоспар мен оқу-жаттығу кестесіне сай, құрама командаға медициналық бақылау, биохимиялық заттармен және өзге де әдістермен спортшылардың денсаулығы мен бабын қалыпты сақтап отыру жұмыстары жүргізілуде. Және осы мақсатта заманауи медициналық аппараттар да алынған», - деп түйіндеді Т.Есентаев.
strategy2050.kz