Олимпиадаға спортшыларымыз не киіп барады?
Бүгін Алматыда Қазақстан спортшыларының Сочи Олимпиадасына киіп баратын спорттық киімдері таныстырылды. «КазСПО-N» компаниясы ұсынған ерекше үлгідегі спорттық жиынтық Қазақстан Спорт және дене шынықтыру агентігінің қолдауына ие болған.
Аталған ұйым директоры Елена Свечникованың айтуынша, спорттық киімдерді көркемдеуге тек дизайнерлер ғана емес, тарихшылар да атсалысқан. Спорттық киімнің өзі елдігімізді көрсетеді.
Мына спорттық жиынтық бас киім, күртеше, сөмке, етіктен басталып, әрі қарай жалғасып кете береді. Барлығы 25 жабдықтан тұрады. Онда басты символ - Елтаңба, тұмар мен шаңырақ бейнеленген. Тұмар көз тиюден, шаңырақ жеңісті жолға жетелейді. Сондай-ақ қазақы ою-өрнектер мен «Алтын адам» бейнесі де тыс қалмаған.
Ұлттық құрама жасағы толығымен 15 қаңтарда бекітіледі. Қазір спортшылар жолдама алу үшін жарыстарға қатысуда. Қысқы спорт түрлері бойынша Сочиде жақсы көрсеткіштен дәмеліміз, дейді мамандар.
фото: kazakh.ru