Дзюдодан Әлем чемпионатының 3-ші күні аяқталды
Бүгін Астанада өтіп жатқан Әлем чемпионатының әйелдер арасындағы финалда 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарындағы жағдай қайталанды. Алайда реванш болмады.
Жапония құрамасының атақты палуаны Каори Мацумото румыниялық Корино Каприориуды ұтып, алтын медаль иеленді. Айта кетейік, жапониялық спортшы Олимпиада ойындарының жеңімпазы және 2010 жылғы Әлем чемпионы. Қола жүлдені франциялық дзюдошы Отэм Павиа мен моңғолиялық Сумиа Доржсурен жеңіп алды.
Ерлер арасындағы 73 келідегі финалда 2013 және 2014 жылғы Әлем чемпиондары Оно Шохей және Рики Накая кездесті. Тартысты өткен жарыста Оно Шохей жеңімпаз атанып, екі дүркін Әлем чемпионы атанды. Бұл салмақтағы қола жүлдегерлер – моңғолиялық Саинжаргал мен Оңтүстік Кореядан келген Ан Чангрим.
Жалпы командалық есепте жапониялықтар көш бастап тұр. Олардың еншісінде үш алтын, екі күміс және қос қола. Екінші орында бір алтын және бір күміс бар Қазақстан құрамасы. Үшінші орында әзірге Оңтүстік Корея спортшылары келе жатыр. Оларда бір алтын және үш қола медаль бар.
Ертең татамиге 81 келі салмақ дәрежесінде ерлер мен 63 келіде қыздар шығады. Біздің Азиз Қалқаманұлы мен Мариан Урдабаеваға сәттілік тілейміз.