Бүгінгі Олимпиада ойындарының авторы кім?
Антика заманында өте қатты қадірленген Олимпиада ойындары римдіктер келгеннен кейін әлсіреді. Ал христиан діні ресми болып танылғаннан кейін оларға тіпті тыйым салынды. Бірақ олимпиадалық идея мен рух ешқайда кетпеген еді.
Мысалы, Англияда 17-ші ғасырда бірнеше рет «олимпиадалық» жырыстар болып өтті. Алайда мұндай сайыстар тек жергілікті жерлерде өтіп, аса қарқынды дамымады. Қазіргі олимпиадалық ойындарға ұқсас жарыстар 1859-1888 жылдар арасында «Олимпия» деген атпен өтіп тұрған.
Олимпиада ойындарын Грекияда қайта жандандыру грек ақыны Панайотис Суцостың ойы еді. Ал оның ойын қоғам қайраткері Евангелис Заппас жүзеге асырды. 1766 жылы Олимпия қаласында археологиялық зерттеулер нәтижесінде көптеген жәдігерлер табылған болатын. Кейін 1875 жылы бұл зерттеулер немістердің қол астына өтеді.
Сол заманда Еуропада антика кезеңіне деген романтикалық көзқарас басым еді. Осы жағдайларға байланысты франциялық барон Пьер де Кубертен: «Германия көне Олимпияның астындағы бар жәдігерді қазып алды. Онда неліктен Франция көнеде қалған айбындылық пен ұлылықты қалпына келтіре алмайды?» деген ой айтады.
Кубертеннің ойынша, француз солдаттарының физикалық тұрғыдан нашар болуы 1870-71 жылы Пруссиямен болған соғыстағы жеңіліске әкелді. Осылайша ол барша Франция халқының дене тәрбиесімен айналысқанын қалады.
Осымен қатар, барон ұлттық эгоизмнен құтылып, бейбітшілік пен халықаралық татулыққа үлес қосқысы келді. «Әлем жастары» соғыс алаңында емес, спорт жарыстарында күш сынасу керек деп есептеді. Оған Олимпиада ойындарының жандануы осы екі мақсатқа жетудің амалы болып көрінді.
1894 жылы 16-23 маусым күндері Сарбоннада (Париждегі университет) Пьер де Кубертен өз ойы мен мақсатын барша жұртқа ұсынады. Конгрестің соңғы күні алғашқы Олимпиада ойындары 1896 жылы Афина қаласында өтеді деп белгіленді.
Бұл ойындарды ұйымдастыру үшін Халықаралық Олимпиада Комитеті құрылып, оның алғашқы президенті ретінде грек Деметриус Викелас сайланды. Ал барон Пьер де Кубертен бас хатшының жұмысын істейтін болды.
Алғашқы Ойындар керемет өткеннен кейін оларды әр төрт жыл сайын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданды. Міне, сол уақыттан бері бұл дода әлемнің басты спорттық сайысы саналып келеді.