Галышеваға жаттығуды жалғастыру үшін барлық жағдай жасалады – Е.Қанағатов
Қазақстандық фристайлшы Юлия Галышеваға спорттық карьерасын жалғастыру үшін барлық жағдай жасалады. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Ельсияр Қанағатов мәлімдеді, деп хабарлайды sports.kz.
«Фристайл-могулде жүлде алуды жоспарлаған едік. Галышеваның ұпайын төрешілер төмен түсіргені анық. Өзім барып шағым түсірдім. Барлығын ереже бойынша жасадық. Бірақ шағым төрешілердің бағасына ықпал етпейтінін айтты. Олардың шешімі өзгеріссіз қалады», - деді Ельсияр Қанағатов.
Агенттіктің орынбасарының сөзінше, спортшы спорттық карьерасын аяқтау жөніндегі мәлімдемесін эмоцияға беріліп айтқан.
«Юлия Галышева енді жарысқа қатыспаймын деп, эмоцияға беріліп айтқан болуы керек. Біз облыс басқармасымен сөйлестік. Спортшының болашағы зор. Ол әлі талай жарысқа қатыса алады. Оны аймақтық және республикалық деңгейде қолдаймыз. Жоғары деңгейде жаттығуы үшін барлық жағдай жасалады», - деді Ельсияр Қанағатов.