Юстина Ковальчик жарақатына қарамастан Олимпиада «алтынын» алды
Сочи Олимпидасында әйелдер арасында 10 шақырымға созылған классикалық стильдегі шаңғы жарысында польшалық Юстина Ковальчик аяғының жарақатына қарамастан бірінші орынды иеленді.
Ковальчик скиатлон жарысында күміс жүлдені иеленген швед спортшысы Шарлотта Калла мен норвегиялық Тереза Йохаугты артқа тастады. Оның жылдамдығына Олимпиада чемпионы Марит Бьорген (Норвегия) де ілесе алмады.
Польшалық шаңғышының бұл маусымдағы нәтижесі жоғары. Алайда Юстина Ковальчик Олимпиада ойындары алдында жарақат алып, бірнеше жарысқа қатыса алмады. Дегенмен бұл Сочиде Олимпиада «алтынын» алуға кедергі келтірмеді.
Ол Италияның Санта-Катерина қаласында оқу-жаттығу жиынында табан сүйегін жарақаттап алды. Жарақатына қарамастан Сочиге келген спортшы скиатлон жарысында алған алтыншы орынды сәтсіздік санаған еді.
Ковальчик бұған дейін Олимпиада ойындарында төрт рет жүлдеге ие болды. 2006 жылы Туринде 30 шақырым қашықтықта «қоланы» еншіледі. Төрт жыл өткеннен кейін Ванкувер Олимпиадасында дәл осы қашықтықтың «алтынын» алды. Сонымен қатар, Канадада жекелей спринтте «күміс» және дуатлонда «қоланы» жеңіп алды.