Сочи-2014. Алғашқы аптаның қорытындысы
Олимпиада ойындарында ондыққа енген қазақстандық спортшылар кімдер?
1.Денис Тен, мәнерлеп сырғанау. 20 жастағы мәнерлеп сырғанаушы ерлер арасындағы жекелей сында Сочи Олимпиадасының қола жүлдесін қоржынымызға салды.
2.Шорт-тректен ерлер құрамасы Айдар Бекжанов, Абзал Әжғалиев, Нұрберген Жұмағазиев және Денис Никиша эстафеталық жарыста үздік төрттіктің қатарына еніп, финалға жолдама алды. Енді олар жүлдеге таласады.
3.Дмитрий Рейхерд, фристайл. Могулден ерлер бәсекесінде ақтық сынға дейін сүрінбей өткен Дмитрий Рейхерд жалпы есепте 5-ші орыннан көрінді.
4.Жанбота Алдабергенова, фристайл. Акробатика бағдарламасы бойынша 18 жастағы спортшы финалдық кезеңде бақ сынап, 6-шы орынға қол жеткізді.
5.Юлия Галышева, фристайл. Могул сайысында үздік нәтиже көрсеткен спортшы 7-ші орын алды. Оның жүлдеге таласуына небәрі 0,03 ұпай жетпей қалды.
6.Роман Креч, конькимен жүгіру. Конькимен жүгіруден 500 метрлік қашықтықта спринтте 7-ші нәтижені көрсетті.
7.Алексей Полторанин, шаңғы. Классикалық стильде 15 шақырымға созылған шаңғы жарысын 9-шы аяқтады.
8.Павел Колмаков, фристайл. 17 жастағы қазақстандық спортшы іріктеуден іркілмей өтіп, екінші финалда тоқтады. Жалпы есепте могулшы 10-шы орынға ие болды.