Бүгінгі бәсекеге қазақстандықтар спорттың үш түрінен қатысады
Сочи Олимпиадасындағы жарыстың он екінші күні спорттың 8 түрінен жүлделер сарапқа салынады. Сонымен қатар, бұл күні хоккей турнирінің ширек финал матчтары өтеді. Қазақстандық олимпиадашылар спорттың үш түрінен қатысады.
Жарысқа алдымен сноубордшы Валерия Цой шығады. Ол параллельді гиганттық слаломда бақ сынайды. Іріктеу кезеңі Астана уақыты бойынша 11:15-те. Жарысты «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Астана уақыты бойынша 15:15-те шаңғы жарысынан классикалық стильде командалық спринт басталады. Алдымен жарыс жолына Елена Коломина мен Анастасия Слонова шығады. Ал ерлер бәсекесінде финал жолдамасына Алексей Полторанин мен Николай Чеботько таласады. Басталу уақыты - 16:05. Тікелей эфир - «KAZsport» телеарнасында.
Бүгінгі бәсекені биатлоншылар аяқтайды. Аралас эстафетада Елена Хрусталева, Дарья Усанова,Ян Савицкий және Антон Пантов ел намысын қорғайды. Әйелдер 2×6 шақырым, ал ерлер 2×7,5 шақырымда жүгіреді. Тікелей эфир 20:20-да басталады.