Зілтемірші Владимир Седовқа Рио Олимпиадасына қатысу үшін тағы бір мүмкіншілік беріледі
Зілтемірші В.Седовқа Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысу үшін тағы бір мүмкіншілік беріледі. Бұл туралы Ұлттық Олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметінен хабарлады.
Комитет ақпаратына қарағанда, бүгін ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында ел құрамасымен кездесу өткізген.
«Олимпиада ойындарына ауыр атлеттеріміздің дайындық мәселесі талқыланды. Құраманың нақты құрамы спорттық ұстаным бойынша айқындалатын болады. Ұлттық құрама командадағы бәсекелестікті арттыру үшін барлық үміткерлерді, оның ішінде 2009 жылғы Әлем чемпионы Владимир Седовты да «бақылау зілтемір көтеру» шарасына жіберу туралы шешім қабылдады», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда ауыр атлетика бойынша Қазақстан чемпионатында Владимир Седов жарыс алаңына шығып, зілтемірді көтермей қойған. Сондай-ақ, ол үстіндегі футболкасын шешіп, көрермендерге қарай: «Міне, Олимпиада чемпионы!» деп лақтырған. Бапкерлер бұл оның киіміне қатысты айтылған сынға жауабы екенін жеткізді. Жанкүйерлер оның футболкасынан Лондондағы ойындарда Илья Ильиннен ұтылған ресейлік штангашының суретін байқаған еді.
Осы оқиғаға орай түсінік берген ҚР ауыр атлетика бойынша бас бапкері Алексей Ни: «Бұндай психикалық ауытқушылықтар спортшыда жиі болып тұрады. Бәсекеге төзе алмайды. Айналадағының бәрі кінәлі. Оның ашуы кенеттен пайда болады. Оны бақылап, қашан болатынын болжау мүмкін емес. Оны дайындықтан және Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысудан шеттетеміз. Спортшы мұндай психикалық жағдайымен еліміздің намысын қорғай алмайды. Олимпиадада осы қылығын қайталаса, Қазақстанды жерге қаратады», - деген болатын.