Футболдан әлем чемпионатынан «KAZsport» журналистері тікелей репортаж береді
Футболдан Бразилияда өтетін Әлем чемпионатын қазақстандық көрермендерге «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «KAZsport» телеарнасы ұсынбақшы.
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы 33 ойынды тікелей эфирде көрсетуді жоспарлап отыр. Ал «KAZsport» телеарнасы чемпионаттың барлық 64 ойынын көрсетеді. Оның ішінде 32 матч тікелей эфирде жүргізіледі.
Сонымен қатар, ашылу және жабылу салтанатын да көрермендер тікелей эфирде тамашалай алады. «KAZsport» телеарнасы дүбірлі додаға екі шығармашылық топ атандырмақшы.
Бірінші топтың құрамында режиссер, монтаждаушы, оператор Сұлтан Тоқпанов, Данияр Бекболатовтар, редактор, комментатор, монтаждаушы Ермұхамед Мәулен және топ жетекшісі, редактор Павел Цыбулин бар.
Екінші топта режиссер, монтаждаушы, оператор Руслан Дәулетов, редактор, комментатор, оператор Тимур Сүлейменов және топ жетекшісі, редактор, комментатор Ермек Төрениязов қызмет етпек.
Айта кетейік, футболдан Әлем чемпионаты 12 маусым мен 13 шілде аралығында Бразилияда өтеді. Әлем біріншілігінің ақтық кезеңіне 32 құрама қатысады.