Пеле Бразилияда футболдан Әлем чемпионаты өтпеуі мүмкін екенін ескертті
Әйгілі бразилиялық футболшы Пеле Бразилияда болып жатқан қарсылық акциялары футболдан Әлем чемпионатын өткізуге кедергі болады деген күдігін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сондай-ақ ол наразылық білдірушілердің көптеген талаптарымен келісетінін де мәлімдеді. Бірақ Пеленің пікірінше, олар бұл талаптарды қазір емес, Бразилия 2014 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болған кезде көтеруі керек еді.
Бүкіл ел бойынша шеруге шығушылар әлеуметтік қажеттіліктер мен баспанаға қажетті қаржыны ұлғайтуды талап етіп отыр. Олар биліктің чемпионатты өткізуге миллиардтаған доллар жұмсағанына наразы.
Сонымен бірге, бұрынғы футболшы турнирдің басталуына небәрі бір айдан аз ғана уақыт қалғанымен, бірнеше стадионның әлі де дайын еместігіне алаңдаушылығын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, Бразилияда футболдан Әлем чемпионаты 12 маусым мен 13 шілде аралығында өтеді. Бұл чемпионаттың ойындарын «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «KAZsport» телеарнасы толық көрсетеді. Көрсетілім кестесін мына жерден жүктеп алуға болады.