Мектеп оқушылары Бразилияға жолдама алды
Мектеп оқушылары арасындағы республикалық «Coca-Cola былғары доп» турнирінің кезекті маусымы аяқталды. Финалдық бәсекеге еліміздің әр өңірінен іріктеуден өткен 16 команда қатысты.
Жүлделі орын үшін тартыс Тараз қаласының орталық стадионында өтті. Үшінші орынға Қызылорда облысының Жаңақорған қаласындағы №169 мектептің оқушылары мен Павлодар облысы Ақсу ауданының №8 мектеп оқушылары таласты. Ойынның негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталып, матч соңындағы пеналтиде жаңақорғандық оқушылардың мерейі үстем болды.
Ал чемпиондық атаққа Тараз қаласының №48 мектеп оқушылары мен Алматы облысы Іле ауданының №13 мектеп оқушылары таласты. Ойын тізгінін бірінші минуттан бастап қолға алған алаң иелері қарсыластар қақпасына жауапсыз жеті доп соқты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен медальдар табыс етілді. Ал басты жүлде футболдан Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына берілетін үш жолдама болды. Қазақстан Футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақовтың айтуынша, бұл жолдамаларға арнайы комиссия іріктеп алған жарыстың үздік ойыншылары иемденген.
Олардың тізіміне тараздық оқушылар Шадияр Арынтай мен Тәукехан Жүніс, сонымен қатар Атырау қаласының №7 мектебінің оқушысы Марат Ізбас енген. Үшеуі де Әлем чемпионаты аясында мектеп оқушылары арасында өтетін халықаралық жолдастық турниріне қатысады, деп жазады «Знамя труда» газеті.
Фото: ztgzt.kz