Австриялық профессор футболдан Әлем чемпионатында кім жеңетінін болжады
Инсбурк университетінің статистика профессоры Ахим Зайлайс (Achim Zaileis) зерттеу жүргізіп, оның қорытындысы бойынша Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатында қай команда жеңімпаз атанатынына болжам жасады.
Ғалымның жорамалы бойынша, бұл жолы мундиаль қожайындары топ жарады. Зайлайс бразилиялық футбошылардың мүмкіндігін 22,5 пайызға бағалады, деп хабарлайды ANSA Calcio.
Профессор екінші орынға Аргентина құрамасын (15,8 пайыз) қойды, ал үштікте – Германия құрамасы (13,5 пайыз). Ал Гондурас футболшыларының жеңіске жету мүмкіндігі мүлдем жоқ. Зайлайс олардың мүмкіндігін нөл пайызға теңеді.
Австриялық ғалымның болжам жасау әдісі 22 букмекерлік кеңсенің мәліметтеріне негізделген. Сонымен қатар, статистикалық ақпараттарға сүйенген. Ахим Зайлайс 2008 жылдан бастап Әлем және Еуропа чемпионын анықтауда қателеспеген.
Футболдан Әлем чемпионаты 12 маусым мен 13 шілде аралығында Бразилияда өтеді. Мундиаль қожайындары «А» тобында Хорватия (12 маусым), Мексика (17 маусым) және Камерун (24 маусым) құрамаларымен ойнайды.
Айта кетейік, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «KAZsport» телеарнасы Әлем чемпионатын тікелей эфирде көрсетеді.