Испания депутаттары футбол құрамасына төленетін сыйақы мөлшерін сынға алды
Испания Парламентінің депутаттары Бразилиядағы Әлем чемпионатында құрама футболшылары жеңіске жеткен жағдайда оларға төленетін сыйақы көлемін сынға алып отыр.
Атап айтқанда, депутаттар Испания құрамасының футболшылары өткен жолғыдай чемпионатта жеңіске жетсе, әр ойыншыға 720 мың еуро (980 мың доллар) көлемінде бонус төленеді деген хабарламаға наразылық білдірді. 2010 жылғы Әлем чемпионатында испандық футболшыларға 600 мың еуродан берілген еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Парламентарий Хосеп Энтони Дуран Twitter-дегі парақшасында Испания чемпиондық титул үшін өзінің құрамасына Германия футболшыларына қарағанда, екі еседен астам сыйақы берілетінін атап өткен.
«Сонда біз Германиядан екі есеге бай болғанымыз ба?» - деп таңданып отыр ол.
Мәселен, Германия құрамасының ойыншылары әлем біріншілігінде жеңіске жетсе, әрқайсысы 300 мың еуродан алады екен.
Айта кетейік, Испания экономикасы 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін әлі күнге дейін қалпына келе алмай жатыр. Бұл елде жұмыссыздық деңгейі жоғары деңгейге жетті, яғни ол өткен жылғы бірінші тоқсанда 27 пайыздан асып түсті.
Футболдан Әлем чемпионаты 12 маусым мен 13 шілде аралығында Бразилияның 12 қаласында өтеді. Дүбірлі доданы Рио-де-Жанейро, Ресифи, Салвадор, Сан-Паулу, Порту-Алегри, Манаус, Форталезе, Натал, Белу-Оризонти, Бразилиа, Куяба және Куритибе қалалары қабылдайды. Әлем біріншілігіне 32 команда қатысады.