Футболдан Әлем чемпионатына 200 қазақстандық барады
Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатына 200 қазақстандық азамат баруды жоспарлап отыр. Осы уақытқа дейін қазақстандықтарға 130 виза берілсе, тағы 70-і қаралуда. Сонымен қатар, Астанадағы Бразилия елшілігі арқылы Қырғыз Республикасының 14 азаматы мен Түркіменстанның 1 азаматы визаға өтініш жазған.
Дипломатиялық өкілдіктің хабарлауынша, өтініштер екі ай бұрын келе бастаған. Қазақстандықтар чемпионат кезінде де визаға құжаттарын тапсыруы мүмкін. Елшілік құжатты 14 күн ішінде қарайды. Алайда футболдан Әлем чемпионатына байланысты Бразилия Сыртқы істер министрлігі бұл процесті жедел қарауды ұсынған.
Футболдан Әлем чемпионаты 12 маусым мен 13 шілде аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро, Ресифи, Салвадоре, Сан-Паулу, Порту-Алегри, Манаусе, Форталезе, Натале, Белу-Оризонти, Бразилиа, Куябе, Куритибе қалаларында өтеді.
Қазақстандық туристік агенттік өкілдерінің хабараулынша, Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатын тамашалау қымбатқа түседі. Оның үстіне Сан-Паулу мен Рио-де-Жанейро қалаларына тікелей рейс жоқ. Мәскеу, Еуропа қалалары және Бірікке Араб Әмірлігі арқылы ұшуға тура келеді. Алдын ала билет алу қиын, өйткені турист алдымен визаны рәсімдеуі тиіс.
Қазақстандық туристік операторлардың мәліметінше, Әлем чемпионатын қабылдайтын қалалардағы қонақүйдің бағасы – тәулігіне 200 доллардан асады. Ал ішкі рейстер 300 доллардан жоғары.
Ал ашылу салтанатының билет құны – 270 мың теңге. Доп додасының алғашқы күніне сапар жасау үшін кем дегенде 728 мың теңге қажет. Бұл сомаға қонақүй, матч және ұшақтың билеті кіреді.
Сан-Паулу немесе Белу-Оризонти қалаларындағы жартылай финалдық ойынды тамашалау үшін 468 мың теңге жұмсалады. Ал финалдық ойын қазақстандықтар үшін жобамен 818 мың теңгеге шықпақ.