«Kazsport» телеарнасының басшысы Павел Цыбулин: Қазақстандық 104 спортшының барлығын көрсетеміз
Бүгін, 29-шы шілде күні ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде XXXI жазғы Олимпиада ойындарынан хабар тарату мәселесіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті.
Оның барысында Олимпиада материалдарын «Қазақстан», «Kazsport» және «Хабар» телеарналары тарататындығы айтылды. Сондай-ақ хабар тарату барысында Dentsu, Inc құқықтарына ие компания қойып отырған шарттар мен талаптар туралы айтылды.
Баспасөз мәслихаты барысында «Kazsport» телеарнасының басшысы Павел Цыбулин Олимпиада ойындарының хабарларын барынша таза әрі кедергісіз тарату, тікелей эфирде тыйым салынатын жарнама-материалдар, оларды рұқсатсыз таратудың жауапкершіліктері мен көрсетілімдердің ерекшеліктері сияқты өзге де көптеген мәселелерге тоқталды.
П.Цыбулиннің сөзінше, «Kazsport» телеарнасы 5 – 21 тамыз аралығында тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Оның 15-18 сағаты тікелей эфир арқылы тарайтын Олимпиада материалдарына арналады.
«Жалпы біз қазақстандық 104 спортшының барлығын түгел көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз. Барлығы 33 спорт түрінен 220-дан астам көрсетілім болады. Мұндай кең ауқымдағы ақпараттар легі Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Трансляциядан басқа эксклюзивті материалдар, арнайы репортаждар мен жарыстардың күнделіктері қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі»,-деді телеарна басшысы.
Сондай-ақ ол сөзінде алғаш рет Олимпиададан тікелей студиялық бағдарлама дайындалатындығын атап өтті. Студия Олимпиада құрамасының ақпарат орталығы базасында орналасады. Бағдарлама «Рио төрінде» деген атқа ие. Көрермендер әр кеш сайын Олимпиада жүлдегерлерімен және жеңімпаздарымен ұйымдастырылатын сұхбаттарды көре алады.
«Олардың барлығын «Қазақстан» мен «Kazsport» телеарналарынан және kaztrk.kz мен kazsport.kz жаңалықтарынан, сондай-ақ kaztrk.kz/kz/Rio-2016 арнайы парақшасынан көруге болады. Олимпиадаға 3 түсірілім тобын жібереміз. Бұрында олар 2-у болатын. Олимпиада аяқталған соң әрбір қаһарманды өз облысында күтіп алып, түсірілім жүргіземіз»-деді Павел Цыбулин.
Айта кетейік, жазғы ойындардың тарихында Олимпиада алғаш рет Оңтүстік Америкада өткелі отыр. Оған 200-ден астам мемлекеттен 10,5 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Олимпиадалық ойындардың ашылу рәсімі «Маракана» стадионында өтеді.
Халықаралық олимпиадалық комитеттің бағалауы бойынша, Олимпиаданың ашылу рәсімін әлем бойынша 3,6миллиард адам тамашалайды.
«Біз, кем дегенде, еліміздің жарты тұрғыны Олимпиаданы біздің арналардан көреді деп үміттенеміз. Биылғы жылы алғаш рет хабарлардың онлайн және интернетте таралуына көп мән бердік: ойындардың жазбасы, күнделіктер, студиялық бағдарламалар – мұның барлығы жанкүйерлерге «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналарының сайттары арқылы қолжетімді болады. Бразилиядағы Ойындар біздің еліміз үшін табысты болады деп сенеміз», - деді П.Цыбулин.
Айта кетейік, «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналарының Олимпиадаға қатысты барлық материалдары әлеуметтік желілерде #riokazrtk хэштегімен жарияланады.