Инчхон-2014. Қазақстандық боксшылардың Азия ойындарындағы алғашқы қарсыластары белгілі болды
Бүгін Инчхондағы Азия ойындарында бокстан жарыстар басталады. 34 елден келген 221 боксшы (181 ер, 40 әйел) Азиаданың медальдарін сарапқа салады. Бұл жарыста Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Қазақстан ғана барлық салмақ дәрежесінде өз боксшыларын шаршы алаңда көре алады.
Қазақстандық боксшылардың арасынан Азия ойындарында ең алғашқы болып БЕРІК ӘБДІРАХМАНОВ (60 келі) шығады. Оның алғашқы қарсыласы – Иордания елінің спортшысы Мустафа Алкасбех. Егер Берік бұл спортшы жеңіп, ширек финалға шықса, онда 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының финалисті, Азия ойындарының күміс (Доха, 2006) және қола (Гуанчжоу, 2010) жүлдегері кореялық Сун Чул Ханмен немесе Таиланд құрамасының көшбасшысы Сайлом Ардимен (Берік оны 2013 жылғы Азия чемпионатының финалында жеңген) кездесуі мүмкін. Жеребеге сәйкес, Берік Тәжікстан құрамасының медаль әкеледі деген үміті – Анвар Юнусовпен тек финалда ғана жолығады.
49 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан намысын тәжірибелі БІРЖАН ЖАҚЫПОВ қорғайды. Ол алғашқы жекпе-жегін 28-ші қыркүйек күні өткізеді. Оның қарсыласы – пәкістандық Махибулла. Біржанның негізгі қарсыластары жеребенің екінші «тармағында». Мысалы, ол жақта ең алғашқы кездесуде жастар арасындағы Әлем чемпионы қытайлық Лю Бин мен 2013 жылғы Универсиаданың жеңімпазы өзбекстандық Хасанбай Дусматов жұдырықтасады. Филиппиндік Марк Баррига мен Әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері кроеялық Шин Жон Хун да жеребенің екінші «тармағында». Бұл салмақ дәрежесінде барлығы 22 боксшы сынға түседі.
Қазақстан Ұлттық құрамасының 52 келі салмақтағы көшбасшысы ІЛИЯС СҮЛЕЙМЕНОВ Азия ойындарын 25-ші қыркүйек күні Алматыда өткен Әлем чемпионатының жүлдегері таиландтық Чатчай Бутдиге қарсы бастайды. Бұл жұптың жеңімпазы Индонезия спортшысы Хулио Бриамен жұдырықтасады. Ал ¼ финалда Ілияс жастар арасындағы Азия чемпионы филиппиндік Иан Кларк Баутистамен кездесуі мүмкін. Оның қарсыластары Қырғыз елінің өкілі Азат Үсенәлиев, өзбекстандық Шахобидин Зоиров, пәкістандық Мухаммад Васим турнирдің екінші «тармағында». Бұл салмақ дәрежесінде барлығы 19 боксшы жұдырықтасады.
56 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын ҚАЙРАТ ЕРӘЛИЕВ 26-шы қыркүйек күні катарлық Жұмаһ Озман Арбабиге қарсы шығады. Оны жеңсе, Қайрат жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионы тәжікстандық Асрор Вохидовпен жұдырықтасады (егер жас боксшы бірінші кезеңнен өте алса). Ал ¼ финалда Ерәлиев 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының финалисті әрі Әлем чемпионатының жүлдегері атақты моңғолиялық Тогсцогт Нямбаярмен кездесуі мүмкін. Бұл салмақта барлығы – 21 боксшы.
Қазақстан атынан 64 келіде шығатын АЙДАР ӘМІРЗАҚОВ алғашқы жекпе-жегін екінші кезеңде қырғыз боксшысы Ермек Сәкеновпен өткізеді. Бұл салмақта Азия ойындарының медаліне басты үміткер таиландтық Вуттичай Масук саналады. Алайда 2009 жылғы Азия чемпионымен қазақстандық боксшы тек финалда кездесуі мүмкін. Бұл салмақта барлығы – 20 боксшы жұдырықтасады.
Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны ДАНИЯР ЕЛЕУСІНОВ 27-ші қыркүйекте Азия ойындарының екінші кезеңінде Тайпей спортшысы Чин Чен Сумен жұдырықтасады. Егер оны жеңе алса, келесі кезеңде моңғолиялық боксшы Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері Тувшинбат Бямбынмен кездеседі. Барлығы 18 боксшы қатысатын бұл салмақ дәрежесінде негізгі көшбасшы Данияр Елеусінов 4 жыл бұрынғы Гуанчжоудағы жетістігін қайталауға тырысады.
75 келіде сынға түсетін ЖӘНІБЕК ӘЛІМХАНҰЛЫ бірінші кезеңде Тайпей елінің өкілі Ю Тин Янгпен 29-шы қыркүйекте жекпе-жекке шығады. Жеребенің бұл «тармағында» үндістандық Кришан Викас пен қырғыз Азамат Қаныбекұлы да бар. Бұл салмақта барлығы – 18 боксшы.
Азия ойындарында Қазақстан Туын ұстап шыққан ӘДІЛБЕК НИЯЗЫМБЕТОВ 81 келіге дейін салмақ дәрежесінде 26-шы қыркүйекте сириялық Элдин Госсауонмен жұдырықтасады. Әділбектің салмағында барлығы – 12 боксшы бар. Финалда Әділбек Азия чемпиондары кореялық Ким Хенкю немесе өзбекстандық Ойбек Мамазулуновпен қолғап түйістіруі мүмкін. Айта кетейік, Ойбек 2013 жылғы Азия чемпионатының финалында біздің боксшыны ұтқан еді. Ал Алматыда өткен Әлем чемпионатында Әділбекке жартылай финалда жеңілген.
91 келі салмақта жұдырықтасатын АНТОН ПИНЧУК алғашқы жекпе-жегін 26-шы қыркүйекте қырғыз боксшысы Сергей Паренкомен өткізеді. Антон 2013 жылғы Универсиада финалисті, Әлем чемпионатының ширек финалисті өзбекстандық Рутам Тулагановпен кездесуі мүмкін. Бұл салмақ дәрежесінде де 12 боксшы қатысады.
Қазақстан құрамасының ауыр салмақтағы өкілі ИВАН ДЫЧКО моңғолиялық Батмунгхаға қарсы бірден ширек финалдық бәсекеден бастайды. Ал, тәжірибелі сириялық Мохаммад Госсоун мен өзбекстандық Мирзохиджон Абдуллаев жеребенің екінші тармағында. Иван алғашқы жекпе-жегін 30-шы қыркүйекте өткізеді. Бұл салмақта – 9 боксшы.
27 қыркүйекте өздерінің алғашқы жекпе-жектерін қыздар бастайды. 51 келі салмақта Жайна Шекербаева жапониялық Томоко Кугимиямен, ал Гүлжайна Уббиниязова (69 келі) филиппиндік Нести Петисиомен кездеседі. 2012 жылғы Лондондағы Олимпиада жүлдегері Марина Вольнова (75 келі) алғашқы жекпе-жегін 28-ші қыркүйекте вьетнамдық Ле Ти Нунгпен жұдырықтасады.
Азия ойындарындағы қазақстандық боксшылардың алғашқы жекпе-жектерінің кестесі:
24-ші қыркүйек:
60 кг Берік Әбідірахманов - Мустафа Алкасбех (Иордания)
25-ші қыркүйек:
52 кг Ілияс Сүлейменов - Чатчай Бутди (Таиланд)
26-шы қыркүйек:
56 кг Қайрат Ерәлиев - Арбаби (Катар)
81 кг Әділбек Ниязымбетов - Элдин Госсоун (Сирия)
91 кг Антон Пинчук - Сергей Паренко (Қырғыз Республикасы)
27-ші қыркүйек:
69 кг Данияр Елеусінов - Чин Чен Су (Тайпей)
49 кг Біржан Жақыпов - Мохибулла (Пәкістан)
64 кг Айдар Әмірзақов - Ермек Сакенов (Қырғыз Республикасы)
30-шы қыркүйек:
+91 кг Иван Дычко - Энхбаяр Батмунгх (Моңғолия)
Әйелдер:
27-ші қыркүйек:
51 кг Жайна Шекербекова - Томоко Кугимия (Жапония)
60 кг Гүлжайна Уббиниязова - Нести Петесио (Филиппин)
28-ші қыркүйек:
75 кг Марина Вольнова - Ле Ти Нунг (Вьетнам)
29-шы қыркүйек:
75 кг Жәнібек Әлімханұлы - Ю Тин Янг (Тайпей)
Фото: kfb.kz