Әнуар Ахметов - Азия ойындарының чемпионы!
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан Пара-Азия ойындарында 100 метрге арқамен жүзуден қазақстандық Әнуар Ахметов чемпион атанды. Ол бұл қашықтықта Азия ойындарының рекордын жаңартты.
Сонымен қатар, 100 метр қашықтықта еркін стильде жүзуден күміс медаль жеңіп алды. Әнуар Ахметов екі күннің ішінде 1 алтын және 3 күміс жеңіп алды.
Жүзу спортынан ел қоржыны тағы үш қола медальді Дмитрий Ли салды. Ол 100 метр қашықтықта еркін және баттерфляй әдісімен жүзуден үшінші орыннан көрінді. Ал, Мансұрбек Ибрашев 100 метр қашықтықта еркін стильде жүузден қола жүлде еншіледі.
Кеше тағы бір күміс жүлдені Ардақ Отарбаев пен Айдана Бегленова жеңіп алды. Олар арбадағы биден үздіктер қатарынан табылды. Сонымен қатар, қазақстандық спортшылар дзюдо, жеңіл атлетика және пауэрлифтингтен сынға түсті.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан Ұлттық құрамасы 14-ші орынға көтерілді. Ел қоржынында 9 медаль бар. 1 алтын, 4 күміс және 4 қола.