Олимпиада ойындарында 6 тамызда сайысқа түскен қазақстандық спортшылардың нәтижесі
6 тамызда Рио Олимпиадасында қазақстандық атлеттер спорттың 8 түрінен сайысқа түсті.
Алдымен, пневматикалық тапаншадан 10 метрге нысана көздеуден Елизавета Король 37-ші орыннан көрінді. Одан кейін академиялық ескек есу спортынан Владислав Павлов пен Светлана Германович бақ сынап, финалға шыға алмады.
Америкалық былғары қолғап шеберіне қарсы жұдырықтасқан 60 келі салмақ дәрежесіндегі боксшы Берік Әбдірахманов та келесі кезеңге өте алмады.
Владимир Исаченко мен Рашид Юнусметов пневматикалық тапаншадан 10 метрге нысана көздеуден 23-ші және 40-шы орындардан көрінді. Екі спортшы да финалға шыға алмады.
Велошабандоз Андрей Зейц алты сағаттық топтық жарыста сегізінші болып келді.
Жазғы Олимпиаданың алғашқы медальдарын Қазақстан қоржынына дзюдошылар салды:
48 келі салмақта белдескен дзюдошы Отгонцецег Галбадрах қола жүлде иеленсе, 60 келі салмақ дәрежесіндегі дзюдошы Елдос Сметов «күмісті» еншіледі.
Үстел теннисінен Кирилл Герасименко бірінші раундта венгер спортшысына есе жіберді.
Ал, теннисші Ярослава Шведованың жеке сайысын және Галина Воскобоевамен жұптық сайысын ұйымдастырушылар келесі күнге ауыстырды.
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ауыр атлет Маргарита Елисеева жұлқа көтерудегі сәтсіздігіне қарамастан, бесінші орыннан көрінді.
Олимпиаданың алғашқы жарыс күні жүзгіш Дмитрий Баландиннің финалға шығуымен аяқталды.