Геннадий Головкиннің атақ-даңқы жасанды - Андре Уорд
WBA мен IBO тұжырымдары бойынша екінші орта салмақтағы үздік боксшысы Андре Уорд Геннадий Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчестің пікірін сынға алды.
Біраз уақыт бұрын Санчес өз шәкіртінің орта және екінші орта салмақтағы кез-келген боксшымен жекпе-жекке дайын екенін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, ол «Андре Уордтың Головкинмен жұдырықтасуға құлқы жоқ», деген. Алайда, бірнеше аптадан соң Санчес Головкиннің Уордпен кездесуге әлі қаржылай жағынан дайын емес екенін айтты.
Осыған қатысты Андре Уорд өз пікірін білдіріп отыр. Ол Головкинді қарсылас ретінде, спортшы ретінде сыйлайтынын, онымен рингте кездесуді қалайтынын айтты. Алайда, Головкиннің жаттықтырушысы Санчес оның жетістіктерін тым әсірелеп, мақтаншақтықпен айналысып кетті деді ол.
«Оның атақ-даңқы жойқын соққыларына сүйеніп жасалған. Ол орта салмақтағы әлемнің ең үздік боксшыларымен кездесуге дайын» деп мәлімдеп, артынша «Ол басқа салмаққа көшпейді» дегендері ақылға сыймайды. Головкинмен жекпе-жек туралы қауесетті өрбіте бергенше, біз бір шешімге келгеніміз жөн. Бұл жекпе-жектің болғанын мен де қалаймын», - деді Уорд.
Геннадий Головкин Уордпен жекпе-жекке келесі жылы шығуды жоспарлап отырғанын айтқан болатын.
Андре Уорд - WBA мен WBC тұжырымдарының екінші орта салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеулердің иегері. Кәсіпқой бокста 27 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, 14 кездесуін нокаутпен аяқтаған.
Головкин 28 кездесу өткізген. Ол да қарсыластарынан жеңіліп көрмеген.
Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин 1-ші ақпан күні Монте-Карлода ганалық Осуману Адамамен жекпе-жекке шығады. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «KAZsport» телеарнасы жекпе-жекті тікелей эфирде көрсетеді.
Фото: @andreward