Нижат Рахимов Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салды (ВИДЕО)
77 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін қазақстандық зілтемірші Нижат Рахимов ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарында бақ сынады.
Жұлқа көтеру сайысында қазақстандық өзінің бірінші мүмкіндігінде 160 келі салмақты бағындырды. Бұдан кейін ол 160 келіге тапсырыс беріп, оны оңай еңсерді. Алайда, алғашқы жаттығудың соңғы мүмкіндігінде 168 келі зілтемірді көтере алмады. Осылайша, алғашқы сайыс қорытындысы бойынша 3-орынды иеленді.
Ал, серпе көтеру жаттығуын Нижат Рахимов 202 келіден бастады. Отандасымыз бұл салмақты оңай еңсерді. Екінші мүмкіндігінде ол 214 келіні ойдағыдай көтеріп, Олимпиада алтынын иеленді. Бірақ, зілтемірші өзінің үшінші мүмкіндігінен бас тартты.
Өз кезегінде аталған салмақ санатында 379 келі салмақты көтерген қытайлық Лю Cяодзунь (177+202) екінші орын алса, үшінші орын мысырлық Мұхаммед Махмұдқа бұйырды.
Айта кетсек, бұл - Қазақстан қоржынына түскен алтыншы медаль. Бұған дейін Елдос Сметов пен Жазира Жаппарқұл күміс медаль, ал, Галбадрах Отгонцэцэг, Фархад Харки және Карина Горичева қола медаль иеленген еді. Жалпыкомандалық есеп бойынша енді Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен 12-орынға жайғасты.