Рио Олимпиадасына қатысты 126 болжам. Жауаптар қабылдау тоқтатылды
«Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан XXXI Жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында спорт жанкүйерлері арасында байқау ұйымдастырған болатын.
Бүгінге дейін арнайы ашылған электронды мекенжайға 126 хат келіп түсті. Хат иелерінің көпшілігі ел қоржынына алтынды боксшылар Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит, Иван Дычко салады деп болжаған. Ауыратлеттер арасынан Жазира Жаппарқұл мен Александар Зайчиковке, грек-рим күресінен Алмат Кебіспаевқа үміт артқандар көп. Ал, жеңілатлетттер арасынан Ольга Рыпаковаға сенім білдірушілердің саны басым.
Жалпы, байқау қатысушыларының көпшілігі Ұлттық құрама елге кем дегенде екі алтынмен оралатынын айтқан.
Шарт бойынша, XXXI Жазғы ойындарда қазақстандық спортшылардың қанша медаль алатынын, оның ішінде алтын, күміс, қола жүлделердің санын дәл болжап берген қатысушы естелік бағалы сыйлыққа ие болады. Ал, нақты қай спортшының жеңіс тұғырынан көрінетінін дәл болжаған жанкүйер Рио-де-Жанейро қаласынан арнайы әкелінген кәдесыйға ие болады. Сонымен қатар, «Kazsport» телеарнасы жаңалықтар шығарылымының басты кейіпкері атану мүмкіндігіне ие болады.
Жеңімпаздың есімі kaztrk.kz порталында 22 тамызда жарияланады. Жауаптар қабылдау бүгіннен бастап тоқтатылды.
Жобаға атсалысқан портал оқырмандары мен спорт жанкүйерлеріне алғыс білдіреміз!