Қазақстандық боксшы Қайрат Ерәлиев Олимпиаданың ширек финалына қадам басты
Бокстан 56 келіге дейінгі салмақта Қайрат Ерәлиев әзірбайжандық боксшы Жавид Чалабиевке қарсы шаршы алаңға шықты.
Жерлесіміз жекпе-жекті жақсы қарқынмен бастап, алғашқы раундты өз пайдасына шешті. Екінші раундтың басында қорғаныста болды, кейін басымдықты өз қолына алып, әзірбайжандық спортшыға соққыларын үдете түсті. Сөйтіп, екі раундты да ұтты.
Қайрат Ерәлиев жекпе-жектің үшінші раундында ұтылғанымен, төрешілердің шешімімен ширек финалға өтті.
Енді 25 жастағы қазақстандық боксшы өзбекстандық Муроджан Ахмадалиевпен қолғап түйістіреді. Бұл жекпе-жек 15 тамыз күні Астана уақытымен сағат 03:15-те басталады.