Александр Зайчиков ауыр атлетикадан қола медаль жеңді (ВИДЕО)
Ауыр атлетикадан 105 келіге дейінгі салмақ санатында өнер көрсететін қазақстандық зілтемірші Александр Зайчиков Олимпиада ойындарының қола медалін жеңді.
Қоссайыстың алғашқы жаттығуында отандасымыз өзінің барлық мүмкіндіктерін сәтті орындады. Алдымен185 келі салмақты бағындарған Александр Зайчиков, екінші мүмкіндігінде 190 келіні көтерді. Соңғы мүмкіндікте қазақстандық зілтемірші 193 келі зілтемірді еңсерді. Нәтижесінде Зайчиков алғашқы жаттығу қорытындысы бойынша 194 келіні көтерген өзбекстандық Руслан Нурудинов пен Иван Ефремовқа 1 келі ұтылып, үшінші орынға жайғасты.
Ал серпе көтеруде жерлесіміз ә дегенде 223 келіні еңсергенімен, соңғы екі мүмкіндігінде 227 келі салмақ зілтеміршіге бағынбады. Осылайша қоссайыс қорытындысы бойынша Александр Зайчиков үздік үштікті қорытындылады (193+223). Өз кезегінде Олимпиада рекордын жаңартқан өзбекстандық Руслан Нурудинов алтын медаль иеленсе (194+237), армениялық зілтемірші Симон Мартиросян 417 келімен (190+227) күміс жүлде жеңді.