Рио-2016. Тамыздың 15-сі күні өткен жарыстардың қорытындысы
Рио Олимпиадасының оныншы жарыс күні аяқталды. Кезекті сайыстар тартысқа толы болды. Бір жағынан жерлестеріміз ел қоржынына «күміс» пен «қола» салып, бүкіл қазақ жұртын қуантса, екінші жағынан бүгінгі Олимпиада күні жанкүйерлердің көңілін қалдырды.
Күннің басты жаңалығы – бірден екі спортшымыз Олимпиада ойындарының жүлдегері атанды. Бокстан 91 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Василий Левит Олимпиада ойындарының күміс медалін жеңді. Қарсыласына дес бермей, кездесудің соңғы минуттарына дейін шабуылдаудан тынбаған боксшымыз төрешілер тарапынан «алтынға» лайық болмады.
Ал, 105 келіге дейінгі салмақ санатында зілтемірші Александр Зайчиков Риода қола жүлдені жеңіп, Қазақстан қоржынына оныншы медальді салды. Ол жұлқа көтеру және серпе көтерудің қорытындысы бойынша 416 келіні бағындырды. Өкініштісі, серпе көтеруде қазылар жерлесіміздің соңғы мүмкіндігін есепке алмады, әйтпесе, Александр күміс жүлдені қанжығасына салар еді.
52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық былғары қолғап шебері Олжас Сәттібаев 1/8 финалда әзірбайжандық боксшы Эльвин Рауф оглы Мамишзадемен кездесіп, 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша, тағы бір боксшымыз жарыс жолынан шықты.
Бұған қоса, бокстан Жәнібек Әлімханұлы Олимпиада ойындарын аяқтады. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі кездесудің 1/8 финалында төрешілер бірауыздан әзірбайжандық Камран Шахсуварлыны жеңімпаз таныды.
Ал, бокстан Ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов ақтық сынға өтті. Кездесудің екінші раундында қарсыласына баспен соқтығысып, дәрігер жекпе-жекті тоқтатқанына қарамастан, төрешілер бірауыздан жеңісті біздің боксшыға берді.
Грек-рим күресінен Нұрмахан Тыналиев сәтті өнер көрсете алмады. 130 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесетін палуанымыз германиялық Эдуард Поппқа есе жіберіп, жарыс жолын аяқтауға мәжбүр болды.
Велотрек бойынша омниум (көпсайыс) жарысында ел намысын қорғаған Артем Захаров жүлделі орынға іліге алмады. Отандасымыз 6 сайыс қорытындысы бойынша 111 ұпай жинап, 10-шы орын иеленді.
Олимпиада ойындарында ерлер арасында кедергімен 400 метрге жүгіру жарысында қазақстандық жеңілатлет Дмитрий Коблов жартылай финалға өте алмады. Іріктеу жарысында Дмитрий аталған қашықтықты 49.87 секундта жүгіріп өтіп, мәре сызығын 32-ші болып кесті.
ерлер арасында үш қарғып секіру жарысының іріктеу кезеңінде сынға түскен Роман Валиев сәтсіз өнер көрсетті.
Әйелдер арасында кедергімен 400 метрге жүгіру сайысында жерлесіміз Александра Романова 59,36 секунд көрсеткішімен 42-орынды иеленді. Осылайша, қазақстандық спортшы жартылай финалға жолдама ала алмады.
Қазақстандық Мария Телушкина диск лақтыру сайысында ақтық сынға шыға алмады. Нәтиже - 16-орын (45,33 метр).
Айта кетейік, Қазақстан қоржынында қазір 10 медаль бар. Бұған дейін Нижат Рахимов және Дмитрий Баландин алтын медаль, Елдос Сметов пен Жазира Жаппарқұл күміс, ал, Галбадрах Отгонцэцэг, Фархад Харки және Карина Горичева қола жүлде иеленген еді. Ұлттық құрама 2 алтын, 3 күміс, 5 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 15-орынға тұр.