Британдық букмекерлер жеңісті қазақстандық боксшы Левитке берді
16 тамыз күні, 91 келіге дейінгі салмақта қазақстандық боксшы Олимпиада ойындарының финалында ресейлік Евгений Тищенкоға қарсы кездесу өткізіп, жекпе-жектің басым бөлігінде тізгінді өз қолында ұстаған еді. Алайда, төрешілер бірауыздан жеңісті ресейлік былғары қолғап шеберіне берді. Мұндай шешім көпшіліктің наразылығын тудырған болатын. Бокс кешін тамашалауға келген қазақстандықтардан бөлек, басқа да көрермендер өз наразылықтарын білдірді. Спортсүйер қауым жеңісті Василий Левитке беру керек еді деп санайды.
Британдық букмекер кеңселерінің бірі жеңісті біздің спортшыға беріп, оның жеңісіне тігілген бәстің бәрін «ұтыс» ретінде есептеді.
«Қазақстандық боксшыға жанкүйер болғандардың бәрі өздерін алданғандай сезінуде. Біз барлығы әділетті болу керек деп есептейміз, сондықтан Левиттің жеңісіне бәс тіккендердің барлығынікі «ұтыс» ретінде есепке алынады», - деді букмекерлер.
Естеріңізге сала кетейік, отандасымыз Василий Левит Олимпиада ойындарының күміс медаль иегері атанды.