Иван Дычко Рио Олимпиадасының жартылай финалында
Аса ауыр салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Иван Дычко Олимпиада ойындарының жартылай финалына шықты. Отандасымыз ширек финалда нигериялық Эфе Аджагбаны жеңді.
Шаршы алаңда өзіне сенімді жұдырықтасқан қазақстандық боксшы қарсыласынан қауқарлы екенін гонг дауысы естілгеннен бастап байқатты. Үш раундта да Иван өз мәнерінен танған жоқ. Оңтайы келгенде қарсыласын жойқын соққыларымен қарсы алып жүрді. Нәтижесінде төрешілер 0:3 (29-28, 29-28, 29-28) есебімен отандасымызды жеңімпаз деп таныды.
Енді Риодағы доданың жартылай финалында отандасымыз ұлыбританиялық Джозеф Джойспен кездеседі. Жекпе-жек 20 тамызға жоспарланған.