Олимпиада-2016. Тамыздың 18-і күні болған жарыстардың қорытындысы
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы XXXI Олимпиада ойындарының бүгінгі жарыстары спорттың 5 түрі бойынша өтті.
Айта кетейік, бүгін бокстан 81 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Әділбек Ниязымбетов Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Финалдық айқаста Әділбек кубалық боксшы Хулио Сесар Ла Круспен қолғап түйістіріп, 3:0 есебімен жеңілді.
Ал 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен 38 жасар ардагер палуан Гюзель Манюрова алтын медаль үшін күресте канадалық Эрика Уибемен кездесіп, 6:0 есебімен жеңіліс тапты. Гюзель Манюрова Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
Сондай-ақ 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен қазақстандық палуан қыз Екатерина Ларионова Рио Олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алды. «Қола» үшін болған белдесуде Ларионова америкалық Елена Пирожкованың жауырынын жер искетті.
Каноэде ескек есуден 200 метр қашықтыққа жеке жүзуде қазақстандық Тимур Хайдаров алтыншы болып келді.
Байдарка мен каноэде есуден Қазақ елінен 200 метр қашықтыққа жүзуде Сергей Токарницкий мен Андрей Ергучёв қатысып, 4-інші келді (35,497 секунд).
Айта кетейік, Қазақстан қоржынындағы медальдар саны бүгін 15-ке жетті. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік көрсеткіш. Осыған дейінгі ең көп медальдар саны Бейжің мен Лондон Олимпиадаларында тіркелді. Ол кезде Қазақстан қоржынына 13 медаль түскен еді. Қазақстан медальдар саны бойынша Олимпиадаға қатысушы елдер арасында әзірге 20-шы орында тұр.