Олимпиада-2016. Тамыздың 19-ы күні өткен жарыстардың қорытындысы
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы XXXI Олимпиада ойындарындағы бүгінгі жарыстар спорттың 6 түрі бойынша өтті.
Айта кетейік, бүгін еліміздің қоржынына бірден екі қола медаль түсті. Оның алғашқысын Қазақстан қоржынына аса ауыр салмақта жұдырықтасатын боксшы Иван Дычко салды.
Иван жартылай финалда ұлыбританиялық Джозеф Джойсқа қарсы шығып, алғашқы рауандта жеңіске жеткенімен кейінгі екі раундта қарсыласына есе жіберіп, Рио Олимпиадасының қол жүлдегері атанды.
Екінші қоланы Қазақстан қоржынына 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан қазақстандық боксшы қызымыз Дариға Шәкімова салды. Ол жартылай финалда америкалық Кларесса Шилдске қарсы шығып, 3:0 есебімен жеңілді. Сөйтіп, Рио Олимпиадасының қола медаліне ие болды.
Алексей Дергунов жеке байдаркада 200 метрлік іріктеу кезеңінде 8-ші болып келіп, жартылай финалға өте алмады.
Ирина Подойникова, Зоя Ананченко, Наталья Сергеева мен Инна Клинова 500 метр ара қашықтыққа бағытталған 4 кісілік байдарка есуде 1:37,423 уақытымен жартылай финалда бесінші болып келіп, Рио Олимпиадасының финалына шықты. Сондай-ақ 1000 метрлік қашықтықта жарысқан 4 кісілік байдарка есушілер Александр Емельянов, Сергей Токарницкий, Илья Голендов және Андрей Ергучёв жартылай финалда 3:00,592 уақытымен 4-ші келді.
Бессайысшы Елена Потапенко Рио Олимпиадасында үздік ондыққа енді. Отандасымыз барлық сайыс түрінен 1314 ұпай жинап, жалпы есепте 10-орынға тұрақтады.
Еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақта белдескен қазақстандық палуан Нұрислам Санаев та, 74 келі салмақта өнер көрсеткен Ғалымжан Өсербаев жүлдеден құр қалды. Жарысты сәтсіз бастаған Н.Санаев жұбаныш белдесуінде екі дүркін Әлем чемпионы әзірбайжандық Гаджи Алиевпен белдесіп, есе жіберді. Ал, Ғалымжан Өсербаев жартылай финалда ирандық Хасан Язданиден жеңілсе, «қола» үшін күресте түркиялық Сонер Демиртасқа жол берді.
Қазақстандық таэквондошы Жансель Дениз алғашқы кездесуде жеңіліп қалды. 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жансель 1/8 финалда Қытай спортшысы Чжуан Цзяцзямен кездесіп, 2:16 есебімен жеңіліп қалды.
Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында көркем гимнастика бойынша жекелей көпсайыс жарыстан ел намысын Сабина Әшірбаева қорғады. 17 жастағы бойжеткен 69,232 ұпаймен, жалпы есепте 12-орыннан көрініп, ақтық сынға жолдам ала алмады.
20 шақырымдық спорттық жүру жарысында да қазақстандықтар жүлде ала алмады. Әйелдер арасында 20 шақырымға спорттық жүріспен жүру жарысында Қазақстан атынан Диана Айдосова мен Полина Репина шықты. 20 жастағы Диана 20 шақырымды 1 сағат 44 минут 49 секундта жүріп өтіп, мәре сызығын 62-ші болып кесті. Өз кезегінде, Полина Репина қашықтықтың 6 шақырымын жүріп өткеннен кейін, жарыстан шеттетілді. Ал, ерлер арасында сынға түскен қазақстандық Георгий Шейко 20 шақырымды 1:23:31 сағатта жүріп өтіп, мәре сызығын 34-ші болып кесті.
Айта кетейік, Қазақстан қоржынындағы медальдар саны бүгін 17-ге жетті. Бұл - Тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған көрсеткіш. Осыған дейінгі ең көп медальдар саны Бейжің мен Лондон Олимпиадаларында тіркелді. Ол кезде Қазақстан қоржынына 13 медаль түскен еді. Қазақстан медальдар саны бойынша Олимпиадаға қатысушы елдер арасында әзірге 20-шы орында тұр.