Рио Олимпиадасының қазақстандық жүлдегерлері 2,2 миллион доллар алады
Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленген спортшылар Лондон ойындарындағыдай, 250 мың доллар сыйақы алады. Күміс жүлдегерлер 150 мың доллар алса, қола алғандарға 75 мың доллар сыйақы беріледі. Қазақстандық спортшылардың қоржынында бас-аяғы 17 медаль бар: 3 алтын, 5 күміс және 9 қола медаль. Жүлде қорын есептегенде, 2 миллион 175 мың АҚШ долларын құрайды екен.
Алайда, бұған тағы Қазақстанның Бокс федерациясынан берілетін Василий Левиттің жүлде қоры қосылады. Левит Олимпиаданың күміс жүлдесін алса да, оған мемлекеттен берілетін 150 мың доллардың үстіне Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың шешімімен тағы 100 мың доллар қосылмақ. Осылайша, Василий Левиттің жүлдесі «алтынға» тең. Қорытынды: 2 миллион 275 мың АҚШ доллары.
Бұл Олимпиадада Қазақстан спортшыларға берілетін жүлде қоры жағынан үшінші орында. Биыл ең жомарт ел – Әзірбайжан. Бұл елде әрбір алтын медальға 510 мың АҚШ доллары берілмек. Екінші орында «алтын» үшін 314 мың доллар сыйақысы бар Таиланд тұр. Бірақ, оны спортшылар ай сайын 20 жылға созып алатын болады. Қазақстаннан соң Филиппин (237 мың доллар) және Өзбекстан (200 мың доллар) жайғасқан.
Көрші Ресейдегі жүлде қоры ұлттық валютамен (4 миллион рубль) берілетіндіктен, үш есеге төмендеп кеткен. АҚШ-та жүлде қоры – 25 мың доллар (алтын медаль). Бұл сома сонау 1984 жылдан бері өзгермей келеді. Ал, әрбір қытайлық чемпион 50 мың доллардан иеленеді.
Қазақстандық жүлдегерлер тізімі:
Нижат Рахимов, ауыр атлетика - 250 мың доллар
Дмитрий Баландин, жүзу - 250 мың доллар
Данияр Елеусінов, бокс - 250 мың доллар
Елдос Сметов, дзюдо - 150 мың доллар
Жазира Жаппарқұл, ауыр атлетика - 150 мың доллар
Василий Левит, бокс - 150+100=250 мың доллар
Әділбек Ниязымбетов, бокс - 150 мың доллар
Гюзель Манюрова, әйелдер күресі - 150 мың доллар
Галбадрах Отгонцэцэг, дзюдо - 75 мың доллар
Фархад Харки, ауыр атлетика - 75 мың доллар
Карина Горичева, ауыр атлетика - 75 мың доллар
Ольга Рыпакова, жеңіл атлетика - 75 мың доллар
Александр Зайчиков, ауыр атлетика - 75 мың доллар
Эльмира Сыздықова, әйелдер күресі - 75 мың доллар
Екатерина Ларионова, әйелдер күресі - 75 мың доллар
Иван Дычко, бокс - 75 мың доллар
Дариға Шәкімова, бокс - 75 мың доллар