Головкин вступил в Президентский профессиональный клуб «Астана»
Жыл басында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы құрылғаны белгілі. Бұл клуб құрамына халықаралық аренада ел намысын қорғайтын спортшылар және жекелеген жобалар енуде. Енді міне, бокстан WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы Геннадий Головкин клуб мүшелігіне өтті. Тараптар бүгін келісімшартқа қол қойды. Салтанатты шараға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Дархан Қалетаев пен «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының президенті Бақтияр Артаев қатысты.
«Астана» президенттік кәсіби спорт клубының қатарын ену мен үшін үлкен абырой. Биік белестерді бірге бағындырып, көздеген мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын», - деді Геннадий Головкин.
Ал, Бақтияр Артаев Геннадий Головкинді «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құрамына мүше болуымен құттықтап, табыс тіледі.
Әріптестік аясында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры боксшымен оның командасының барлық жекпе-жектерге дайындық жұмыстарына жұмсалатын шығындарын өз мойнына алатын болды. «Геннадий Головкин – «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы аясында ел намысын қорғаса, «Самұрық-Қазына» оның демеушісі болады», - деді ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Дархан Қалетаев.
Сонымен қатар, Геннадий Головкин Қазақстанға келуінің негізгі себебі – келіссөздер жүргізіп, келісімшартқа қол қою екенін айтты. Сосын АҚШ-қа қайтып оралатынын жеткізді. «1 ақпанда жоспарланған жекпе-жекке дайындық жұмыстарын жүргізу керек», - деді ол.