Бейбут Шуменов нокаутировал Ковача в третьем раунде
Жартылай ауыр салмақта WBA тұжырымы бойынша супер чемпион қазақстандық Бейбіт Шүменов өз атағын қорғап қалды. Ол қарсыласы - словак Тамаш Ковачты үшінші раундта нокаутқа жіберді.
Жекпе-жек АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында өтті. Қазақ боксшысы жекпе-жекті салған жерден шабуылмен бастады. Үш раундта да қарсыласын нокдаунға жіберді. Үшіншісінен кейін төреші жекпе-жекті тоқтатып, Бейбіт техникалық нокаутпен жеңіске жетті деп танылды.
Бейбіт Шүменов осы бәсекеге дейін кәсіпқой бокста 14 жекпе-жек өткізіп, оның 13-де жеңіске жеткен. 8 жекпе-жекте қарсыластарын нокаутқа жіберген. Ал Томаш Ковач 23 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіпті. 14 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған. Бұл оның алғашқы жеңілісі.
Бұған дейін Шүменов бір жарым жыл бойы рингке шықпаған болатын. Келесі жекпе-жегін қазақ боксшысы жартылай ауыр салмақта IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы 48 жастағы америкалық боксшы Бернард Хопкинспен өткізуі мүмкін деген болжам бар.