Дакар-2015. «Astana Motorsports» жарысты сәтті бастады
Әлемдегі ең атақты экстрим жарысының бірінші кезеңі аяқталды. Алғашқы күні қатысушылар Буэнос-Айрес пен Вилья Карлос Пас қалаларының арасында жарысты. Қазақстандық «Astana Motorsports» командасы үшін бірінші кезең сәтті аяқталды.
«Дакар-2015» раллиінің бірінші күні барлығы 406 спортшы жолға шықты. Қазақстандық жүргізушілер жалпы турнир кестесінде әлемнің мықтылары қатарынан көріне білді.
Жүк көліктері арасында «Дакар-2012» жарысының қола жүлдегері Артур Ардавючустің командасы – 13 орынға тұрақтады. Ал, жол талғамайтын көліктер арасында Айдын Рақымбаев – 22-ші, Бауыржан Исабаев – 39-шы, ал Денис Березовский – 96-шы орын иеленді.
Раллидің алғашқы кезеңінде 800 шақырым жолдың 170 шақырымы арнайы аймақтар. Жолдың бұл кезеңін қазақстандық спортшылар еш қиналмастан өтті. Олардың айтуынша, бұл тек басы ғана, қиын кезеңдер әлі алда. Ұйымдастырушылар биылғы «Дакарда» классикалық раллидегі сияқты жылдам жүруге тиіс арнайы аймақтар көп болатынын ескерткен.
Жол шаңды болды. Жарыс жолында бірнеше рет тайып кеттік, дейді «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының басшысы Айдын Рақымбаев.
Бауыржан Исабаев жол қиын болмаса да, жүргізушілерден сабыр сақтауды талап еткенін айтады. Ал, оның штурманы Владимир Демьяненко шаңның кедергі болғанын жеткізді.
«Жарыс басында мәреден әр 30 секунд сайын шығуға мәжбүр болдық. Басымдылықтары бар экипаждар жарыс жолына әр 2 минут сайын шығады. Ал, сен жарысты енді бастағаннан кейін бірден алда келе жатқан көліктің шаңында қалып қоясың. Жазық далада қасынан озуға мүмкіндік бар ғой. Ал, мәреден шыға беріс жолда барлығы қоршалған, жолы тар. Сенің алдыңда келе жатқан көліктер өткізбейді, себебі өздері де біреудің артынан баяулап келеді», - дейді Владимир Демьяненко.
Денис Березовский бастаған қазақстандық «Astana Motorsports» командасының үшінші жеңіл көлік экипажы да жарыс кезінде шаңның көп кедергі болғанын айтты.
«Қарсыластарды озу қиынға соқты. Бірнеше рет трассадан ұшып кеттік. Оған қоса, жолдан багги тайып кетіп, біздің көліктің артқы жағын майыстырып жіберді. Бірақ көлікке қатты зақым келмеді. Міне, ертеңгі екінші кезең қызық болайын деп тұр. Себебі арасында өзен арналары кездесетін 500 шақырымдық арнайы аймақ болады», деп қорытындылады сөзін Денис Березовский.
5 қаңтарда раллиге қатысушылар 600 шақырым жүріп өтеді. Екінші кезеңде жол талғамайтын көліктер 518, ал жүк көліктері 331 шақырым арнайы аймақты бағындыруы тиіс. Кезең Вилья Карлос Пас қаласында басталып, Сан-Хуанда аяқталады.
«Astana Motorsports» баспасөз қызметі