XXXII Жазғы Олимпиада ойындары тікелей эфирде көрсетіледі
XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының трансляциясына қатысты жапониялық «Dentsu Inc.» компаниясымен келіссөздердің нәтижелі аяқталғанын хабарлаймыз.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Хабар» агенттігі» АҚ ел аумағында Токио Олимпиадасын және 2022 жылғы Пекинде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарын көрсету құқығын иеленді. Келісімшарт қорытындысы бойынша трансляция құнын қолайлы бағада сатып алу туралы ортақ мәмілеге қол жеткізілді.
Қазақстандықтар 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарын «Qazaqstan», «Qazsport» және «Хабар» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 27 түрі бойынша 97 лицензия бар.
Телеарналардағы олимпиадалық жарыстар кестесі қосымша жарияланады.
«Қазақстан» РТРК» АҚ Баспасөз қызметі