Мемлекет басшысы әлемдік шахмат элитасының өкілдерімен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев классикалық шахмат бойынша әлем чемпионы атағы үшін сайысқа түскен Ян Непомнящий мен Дин Лижэньді, сондай-ақ Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворковичті қабылдады.

Мемлекет басшысы қонақтарға ілтипат білдіре отырып, ФИДЕ аясындағы әйгілі спортшылар қатысқан ең беделді турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Мен, ең алдымен, Дин Лижэнь мырзаны тартысты өткен сайыста әлем чемпионы атағын жеңіп алуымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ гроссмейстер Ян Непомнящийге көрсеткен шеберлігі үшін құрметімді білдіремін. Әлемнің бүкіл шахмат қоғамдастығы турнирге назар аударды. Шахмат жанкүйерлері шаршы тақтадағы ойынды жіті бақылады. Турнир сәтті өтті деп есептеймін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда шахматты дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін айтты.

– Бүгінде елімізде 200 мыңнан аса адам шахматпен шұғылданады. Қазақстан Республикасы Шахмат Федерациясының көмегімен және ФИДЕ-нің атсалысуымен бұл көрсеткіш кемінде екі есе артуға тиіс. Қазақстанда шахмат тиісті деңгейде дамиды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу соңында Президент шахматшылардың биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді. Сондай-ақ ФИДЕ-мен арадағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру маңызды екенін атап өтті.


Өз кезегінде Халықаралық шахмат федерациясының басшысы Аркадий Дворкович құрмет көрсеткені үшін Президентке өз алғысын білдірді.

– Біздің соңғы кездесуімізден бері 7 айға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында Сіздің жан-жақты қолдауыңызбен Қазақстанда бес әлем чемпионатын өткіздік. Шахмат спорты Қазақстанда қаншалықты танымал екеніне куәміз. Цифрлар таңғалдырады. Әрі ол келешекте арта түседі. Мен бұған сенімдімін. Өйткені мемлекет пен демеушілер тарапынан көрсетілетін қолдау әрқашан жақсы нәтиже береді, – деді ФИДЕ президенті.

Аркадий Дворковичтің айтуынша, әлем чемпионатының аясында көптеген қосымша жарыстар өтті. Атап айтқанда, Қазақстанның әйелдер құрамасының әлем құрамасына қарсы ойыны, балалар турнирлері, әлемнің жетекші шахматшыларының қатысуымен шеберлік сағаттары мен бірреттік ойын сеанстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ ол биыл жазда Қазақстанда алғаш рет мектептер арасында әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жарысқа кемінде 80 елдің өкілі қатыспақ.

Қытай гроссмейстері Дин Лижэнь осы матчқа шақырту алғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.

– Сізбен кездесу – біз үшін зор мәртебе. Осы турнирге қатысып, жеңіске жеткенім үшін қуаныштымын. Ойыннан керемет ләззат алдым.

Гроссмейстер Ян Непомнящий Қазақстанда шахматқа қызығушылық жоғары екеніне назар аударды.

– Матч ұйымдастырушыларына, еліңізге алғыс айтамын. Сіздің еліңізде шахматқа деген қызығушылық ұдайы артып келе жатқанын көріп отырмын. Федерацияның жаңа басшылығымен дұрыс бағытта дамып жатырсыздар.


Танымал жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар

World boxing cup: Қазақстан әйелдер құрамасының қарсыластары анықталды
World boxing cup: Қазақстан ерлер құрамасының қарсыластары кімдер?
Қазақстандық балуандар Азия чемпионатында 13 алтын медаль жеңіп алды
Бейбіт Жукаев алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің негізгі кезеңіне шықты
Бахтиер Зайнутдинов Ресей Премьер-лигасына қайта оралуы мүмкін
Криштиану Роналду «Аль-Насрмен» жаңа келісімшартқа қол қояды
Әбиба Әбужақынова IJF рейтінгісінде 2-орынға көтерілді
Ислам Чесноков шотландияның «Хартс» клубына ауысуға жақын
Астана қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді
Жайдар Мұқат Азия чемпионатында алтын медаль иеленді
Дзюдодан әскерилер арасында әлем чемпионатында қазақстандық қос балуан қола медаль жеңіп алды
Поль Погба футболға қайта оралды
«Qazsport» телеарнасының директоры Нағи Бақытбек «Құрмет» орденімен марапатталды
Ресми: Артур Шушеначев «Ақтөбе» ойыншысы атанды
Кристина Овчинникова Польшадағы турнирде күміс жүлдеге ие болды
Көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева елге оралды
Талғарда KFF Academy by International Airport ғимаратының құрылысы басталды
Александр Бублик ATP 500 турнирінің чемпионы атанды
Ақмарал Ерекешева Әлем чемпионатында екі бірдей медаль еншіледі
Зарина Дияс Испаниядағы турнирде топ жарды