«Барыс» выиграл Кубок Президента РК
«Барыс» ҚР Президентінің кубогын жеңіп алды. Ақтық кездесуде астаналықтар 4:3 есебімен Хантымансийскінің «Юграсынан» басым түсті.
Дегенмен, есепті қонақтар ашты. Ойынның 10-шы минутында Иван Яценко көзге түсіп, «Юграны» алға шығарды. Алайда, бірінші кезеңнің аяқталуына 44 секунд қалғанда Дмитрий Уппер мергендік танытып, таразы басын теңестірді.
Екінші жиырма минуттықта «Қазақстан» спорт сарайына жиналған көрермен соғылған 3 голдың куәсі болды. Алдымен Хантымансийскінің хоккейшілері нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, Андрей Шефердің қанжығасы майланды. Абырой болғанда, көп күттірмей айдын иелері қарымта шайбаны соқты. Роман Старченко ерекшеленді.
33-ші минутта қонақтар тағы да алға шықты. Голдың авторы - Евгений Хвостов. Соңғы кезең басталысымен, Старченко кездесудегі екінші шайбысын соғып, есепті теңестірді. Ал 50-ші минутта Андрей Гаврилин мергендігімен көзге түсіп, Барысты жеңіске жетеледі. сөйтіп, астаналықтар 4:3 есебімен басып түсіп, бас жүлдені жеңіп алды.
Қола медальдар тағдыры шешілген ойында Хабаровскінің «Амуры» Чеховтың «Витязін» 4:0 есебімен тізе бүктірді.