Қазақстан Дэвис кубогындағы алғашқы жеңістерге қол жеткізді
Бүгін, 7 сәуір күні Астанада Дэвис кубогының Азия және мұхит аймағы елдері арасындағы іріктеу сындарының екінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде отандастарымыз қытайлық теннисшілер күш сынасты.
Бірінші кездесуде Қазақстан атынан өнер көрсеткен Михаил Кукушкин қарсыласы Ди Вуды төрт сеттің қорытындысы бойынша 6:2, 3:6, 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктіртті.
Екінші болып ел намысын Дмитрий Попко қорғады. Ол қытайлық Цзе Чжанмен кездесіп, 6:3, 6:4, 7:5. есебімен жеңіске жетті. Бұл ойын Попконың Дэвис кубогы ясындағы дебюті болды.
Әзірге есеп - 2:0 Қазақстан пайдасына.
Ертең, 8 сәуір күні доданың жұптық сайысы өтеді. Ол кездесуде Андрей Голубев және Александр Недовесов өнер көрсетеді. Қазақстандық спортшылар жеңіске жетсе, мерзімінен бұрын Әлемдік топтың плей-офф кезеңіне шығады.
Аталмыш кездесуді «Kazsport» телеарнасы тікелей эфирде өтеді. Көрсетлімнің басталуы 12:50-де.