Т.Есентаев: Сочиде жүлде саны бойынша жоспар орындалмады
Бүгін Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі кеңейтілген отырысын өткізді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова қатысқан жиында агенттік төрағасы Тастанбек Есентаев Сочи Олимпиадасындағы қазақстандық спортшылардың нәтижесін қорытындылады.
«Ванкувер Олимпиадасымен салыстырғанда медальдар саны бойынша Қазақстан құрамасының нәтижесі төмендеген. Жүлде саны бойынша жоспар жүзеге аспады. Спорттың үш түрі бойынша көрсеткіштер нашарлаған. Бұл – шаңғы жарысы, биатлон және шаңғымен тұғырдан секіру», - деді ол.
Агенттік басшысының мәлімдеуінше, 14-ші наурызда өтетін кеңейтілген отырыста жетекші шаңғышылар мен өзге де спортшылардың сәтсіздігі бойынша толық сараптама жасалады. Бұл жиынға Ұлттық олимпиадалық комитеті өкілдері де қатысады.
Дегенмен, Есентаевтың сөзінше, қысқы спорт түрлерінің нәтижелері бойынша ілгерілеу бар. Өйткені, Ванкуверде 38 спортшы жарысқа қатысса, Сочиде 52 спортшы 60 лизенцияға ие болды.
«Сочи Олимпиадасында бір ғана қола медаль жеңіп алғанымызға қарамастан, спорттың бес түрінде қазақстандықтар әлемнің жетекші спортшыларымен тең дәрежеде бәсекелестік танытты. Біздің спортшылардың 15 нәтижесі үздік ондыққа енді», - дейді Есентаев.
Спорттың төрт түрі бойынша жеті спортшы үздік алтылыққа енгені үшін белгіленген ақшалай сыйақыны алады. Олар – Денис Тен, Жанбота Алдабергенова, Дмитрий Рейхерд және шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы.