Дмитрий Баландин жазғы Универсиада ойындарында 200 метрге брасс әдісімен жүзуде күміс иеленді
Тайбейде өтіп жатқан жазғы Универсиада ойындарында қазақстандық суда жүзу спортының шебері, Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин күміс медальға ие болды.
200 метрге брасс әдісімен жүзуде отандасымыз соңғы сәтте жүлдеге қол соза білді. Аталған қашықтықты 2.9.70 минутта бағындырды. Ал, алтын медальды америкалық жүзгіш Эндрю Уилсон (2.8.45 минут) иеленді. Қола медаль ресейлік спортшы Рустам Годировқа (2.9.72 минут) бұйырды.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Дмитрий Баландин 100 метрге брасс әдісімен жүзуде қола медальға қол жеткізген еді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының қоржынында үш алтын медаль бар. Жеңіс тұғырына штангашылар Альберт Линдер, Айдар Казов және Денис Ұланов көтерілді.
Ал, Дмитрий Баландиннен бөлек Универсиада-2017-нің күміс медалін ауыр атлетші Карина Горичева иеленді. Өз кезегінде, дзюдошылар Галбадрах Отгонцэцэг, Рустам Ибраев пен Бекадила Шаймерденова және де ауыр атлетші Арли Чонтей қола жүлде жеңді.